OpenAI

2026 ж. 10 шілде

OpenAI академиясы

ChatGPT‑мен жұмысты бастау

ChatGPT қолдану негіздерін және алғашқы әңгімені қалай бастау керегін үйреніңіз.

ChatGPT деген не?

ChatGPT — табиғи тілді түсініп, нақты уақытта адамша жауап беретін ЖИ көмекшісі. Онымен сөйлесу арқылы ойыңызды дамытып, мәтін жазып, мәселелерді шеше аласыз.

ChatGPT үлкен тілдік модельдерге негізделген, сондықтан ол сан алуан тапсырманы орындауға көмектесе алады. Үлкен тілдік модельдер туралы ЖИ деген не материалынан толығырақ біліңіз.

Жылдам жауап, түсіндірме, жаңа идеялар, мәтінді қайта жазу немесе қысқаша нобай дайындау қажет болса, Чат режимін пайдаланыңыз. ChatGPT көлемді тапсырманы орындап, тексеруге болатын нақты нәтиже — мысалы, қысқаша құжат, талдау, презентация, электрондық кесте немесе тұрақты есеп — дайындасын десеңіз, Жұмыс режимін пайдаланыңыз. Қарапайым тапсырманы Чат режимінде бастап, көбірек контекст, құралдар немесе жұмысты соңына дейін жеткізу қажет болғанда Жұмыс режиміне ауыса аласыз.

ChatGPT қолдану туралы осы жерден⁠(жаңа терезеде ашылады) толығырақ біліңіз.

Алғашқы әңгімеңізді бастаңыз

Бастау үшін көмексөз енгізсеңіз жеткілікті. Көмексөз — әңгіме бастау үшін ChatGPT‑ге жазып не басқа жолмен жіберетін сұрағыңыз немесе нұсқауыңыз. Ол әдетте мәтін болады, бірақ сурет, аудио немесе файл да болуы мүмкін. Көмексөзіңіз модельге бағыт беріп, пайдалы жауап дайындауға көмектеседі.

Неден бастарыңызды білмейсіз бе? ChatGPT сізге қалай көмектесе алатынын көру үшін мына көмексөзді көшіріп қойыңыз (жақшадағы бөлікті өзіңіз туралы мәліметпен ауыстырыңыз): 

Өмірімді жеңілдету үшін ChatGPT‑ді қалай қолдана алатынымды айтшы. Мен [өзіңіз немесе жұмысыңыз туралы сипаттама]. Дәл қазір жасай алатын 5 істі ұсын және әрқайсысына бір көмексөз дайында. 

Жауапты оқып, кейін қосымша сұрақтар қою немесе толығырақ мәлімет беру арқылы оны нақтылаңыз.

Көмексөз құрастыру негіздері туралы осы жерден⁠(жаңа терезеде ашылады) толығырақ біліңіз.

ChatGPT‑ді тиімді қолдану жолдарын табу

ChatGPT‑дің пайдасын көру үшін чатта онсыз да орындайтын істеріңізден бастаған жөн: мәтін нобайын жазу, идеялар іздеу, ұзақ мәтінді қысқарту, ретсіз жазбалардан түсінікті хабарлама дайындау немесе мәселені жан-жақты ойластыру. Бастапқыда осындай тапсырмалар қолайлы: оларды сынап көру оңай, тәуекелі төмен және пайдасы бірден байқалады. ChatGPT сапалырақ алғашқы нобайды тезірек дайындауға, ойыңызды жүйелеуге немесе бос параққа қарап, неден бастарыңызды білмей отыратын уақытты қысқартуға көмектессе, бұл — әдетте тапсырманың оған сай келетінінің айқын белгісі.

Одан кейін жиі қайталанатын, бірнеше қадамнан тұратын немесе уақыт өте контексті сақтауды қажет ететін тапсырмалардан көбірек пайда көре аласыз. Осындайда Жобалар, бапталған GPT модельдері немесе Дағдылар сияқты құралдар пайдалырақ болады: олар бастапқы материалдарды реттеуге, нұсқаулардың бірізділігін сақтауға және бір реттік көмексөздерді қайталап қолдануға болатын жұмыс процестеріне айналдыруға көмектеседі. Қарапайым қағида: чаттағы жеңіл тапсырмалардан бастаңыз, қай істерді қайталап орындайтыныңызды байқаңыз, содан кейін жылдамырақ, біріздірек немесе сапалырақ атқарғыңыз келетін жұмысқа жүйелі тәсіл қалыптастырыңыз.

ChatGPT қолдану жолдарымен осы жерден⁠(жаңа терезеде ашылады) танысыңыз.

ChatGPT‑мен дауыстап сөйлесіңіз

Дауыстап айту көбіне теруден жылдамырақ, ал жауапты тыңдау қарым-қатынасты табиғи етіп, қолыңызды бос ұстайды. Дауыс функциялары қарбалас күндері уақытты үнемдейді, қолжетімділікті арттырады және жаңа жұмыс тәсілдеріне жол ашады: жолда жүріп идея ойластыруға, басқа іспен қатар құжат нобайын дайындауға немесе презентацияны дауыстап жаттығуға болады. 

ChatGPT‑дегі дауыс мүмкіндігі арқылы онымен тікелей сөйлесіп, жауаптарын тыңдай аласыз немесе айтқан сөзіңізді мәтінге айналдыра аласыз. Чат терезесіндегі белгішелер арқылы Дауыс режимін (нақты уақытта сөйлесіп, жауап тыңдайтын екіжақты әңгіме) немесе Дауыспен теруді (айтқан сөзіңіз кейін өңдеуге болатын мәтінге айналады) таңдай аласыз. 

Чат интерфейсінің скриншоты: «Немен айналысып жатырсыз?» тақырыбының астында «Кез келген сұрақты қойыңыз» деген енгізу өрісі, ал оң жағында микрофон мен дауыс белгішелері бар.

Мысалы, сұрақты дауыстап қойсаңыз, ChatGPT сізбен сөйлесіп жауап береді. Немесе жиналыс жазбаларын дауыстап айтып, тез арада жазбаша қорытынды жасата аласыз.

Дауыс арқылы сөйлесу кезіндегі аудио және бейне үзінділері мәтіндік нұсқасымен бірге чат тарихында сақталады және чат тарихтан жойылғанша сонда қалады. 

OpenAI Көмек көрсету орталығынан толығырақ біліңіз:
Дауыс режимі туралы жиі қойылатын сұрақтар⁠(жаңа терезеде ашылады)

Курстан өтіңіз

ЖИ қалай жұмыс істейтінін, қай істерде көмектесе алатынын және оны қалай жауапкершілікпен қолдану керегін толығырақ білу үшін ЖИ негіздері курсынан⁠(жаңа терезеде ашылады) өтіңіз. ChatGPT‑ді енді қолдана бастасаңыз немесе күрделірек жұмыс процестеріне көшпес бұрын базалық біліміңізді нығайтқыңыз келсе, бұл курс — орынды келесі қадам.

OpenAI академиясымен білім алуды жалғастырыңыз

Практикалық ЖИ дағдыларын дамытуға көмектесетін қосымша нұсқаулықтар мен ресурстармен танысыңыз.