OpenAI

ЖИ ықпалынан еңбек нарығының өзгеруін модельдеу

ЖИ мен жұмыспен қамту туралы талқылаулар көбіне қарапайым сұрақтан басталады: ЖИ қандай жұмыстарды атқара алады?

Бұл — маңызды сұрақ, бірақ қызметкерлерді не күтіп тұрғанын болжау үшін ол жеткіліксіз. Технология белгілі бір кәсіптегі көптеген міндеттерді орындай алса да, кәсіптің өзі жойылмауы мүмкін. Мұның бірнеше себебі бар. Клиенттер адаммен қарым-қатынас жасағысы келетіндіктен, ұйымдар адамның жауапкершілігін талап ететіндіктен немесе жұмысқа тікелей қатысып, байыпты шешім қабылдау қажет болғандықтан, адамның рөлі маңызды болып қала беруі мүмкін. Немесе шығындардың азаюы сұранысты соншалық арттыруы мүмкін: ЖИ еңбек өнімділігін өсірсе де, саладағы жұмыс орындарының саны қысқармай, керісінше көбейеді.

OpenAI ұсынған ЖИ ықпалынан еңбек нарығының өзгеруін талдау үлгісі осы мүмкіндіктерге жаңаша қарауға жол ашады. Ол ЖИ-дің техникалық ықпал ету мүмкіндігін жұмыс орындарының қысқару болжамы деп қарастырмай, үш сұрақ қояды:

  • ЖИ осы кәсіптегі міндеттердің елеулі бөлігін орындай ала ма?

  • Жұмысты орындауда, қадағалауда немесе оған жауап беруде адам әлі де негізгі рөл атқара ма?

  • ЖИ қызмет құнын төмендетсе, сұраныс өнімділік өсімін өтейтіндей арта ма?

АҚШ-тағы шамамен 148 миллион жұмыс орнын қамтитын 921 кәсіпке қолданылған бұл үлгі еңбек нарығындағы өзгерістердің сан алуан сипатын көрсетеді. Жұмыс орындарының шамамен 18 пайызында автоматтандыру қаупі салыстырмалы түрде жоғары, 24 пайызы қайта ұйымдастырылуы ықтимал, 12 пайызы ЖИ көмегімен көбеюі мүмкін, ал 46 пайызында жақын арадағы өзгеріс азырақ болады.

Бұл санаттар жұмыс орындарының белгілі бір пайызы жойылады деген болжам емес. Олар әртүрлі өзгерістердің алдымен қай жерде туындауы мүмкін екенін көрсетеді.

Еңбек саласының төрт даму жолы

Автоматтандыру қаупі жоғары жұмыс орындары: Бұған дерек енгізу операторлары, телефон арқылы сатумен айналысатын мамандар, корректорлар және кейбір бухгалтерлік не әкімшілік қызметтер кіруі мүмкін. Бұл жұмыстың басым бөлігі стандартталған ақпаратты өңдеу, тексеру не жеткізуден тұрады. ЖИ мұндай міндеттерді соңғы қызметті адамның тікелей көрсетуінсіз барған сайын жақсы орындай алады. Осы қызметтерге сұраныс өнімділіктің өсуін өтейтіндей артпауы мүмкін.

Бұл жұмыс орындарын, әсіресе олар белгілі бір өңірде шоғырланса немесе қызметкерлердің сабақтас қызметке ауысу мүмкіндігі шектеулі болса, мұқият бақылау қажет. Бірақ мұнда да техникалық мүмкіндік жұмыс орындарының өздігінен немесе бірден қысқаруына әкелмейді. Жұмыс берушілерге әлі де жұмыс үдерістерін қайта құру, ЖИ-ді қолданыстағы жүйелерге біріктіру, қателер мен нормативтік тәуекелдерді басқару және автоматтандырудың адам еңбегін пайдаланудан шынымен арзанға түсетінін анықтау керек.

Қайта ұйымдастырылатын жұмыс орындары: Екінші әрі ауқымдырақ топ жойылудан гөрі қайта ұйымдастырылуы ықтимал. Бұған заңгерлер, бухгалтерлер, бағдарламалық жасақтама әзірлеушілері, қаржы талдаушылары мен мұғалімдер мысал бола алады. ЖИ қазірдің өзінде шарт жобаларын әзірлеп, дәлелдерді қорытындылап, қаржылық талдау дайындап, код жазып, сабақ материалдарын жасай алады. Бірақ клиенттер мен ұйымдарға жағдайды байыптап, шешімдерге жауап беретін, ерекше жағдайларды түсінетін және әріптестермен, оқушылармен не клиенттермен қарым-қатынас орнататын адамдар әлі де қажет.

ЖИ әр заңгерге көбірек құжат қарауға, әр әзірлеушіге көбірек код жазуға, әр мұғалімге жеке қажеттілікке бейімделген материалдарды көбірек дайындауға мүмкіндік беруі мүмкін. Бұл кейбір міндеттерге жұмсалатын еңбекті азайтуы мүмкін, бірақ кәсіптердің өзінде адамның рөлі айқын сақталады. Негізгі мәселе — жұмыстың қалай қайта құрылатыны: қандай міндеттер ЖИ-ге беріліп, қайсысы қызметкерлерде қалады және бастапқы деңгейдегі қызметтер мен мансаптық өсу жолдары үйренуге мүмкіндік бере ме?

«Барлық 900-ден астам кәсіп (152 млн жұмыс орны)» атты блок-схема жұмыс орындарын ЖИ ықпалына қарай төрт топқа бөледі: 46%-ында жақын арада өзгеріс аз болады, 12%-ы ЖИ көмегімен көбейеді, 24%-ы қайта ұйымдастырылады, 18%-ында автоматтандыру қаупі жоғары.

ЖИ көмегімен көбейетін жұмыс орындары: Мұндай жұмыста ЖИ шығындарды сұраныс артатындай деңгейге дейін төмендетуі мүмкін.  Мысалы, репетиторлар, психологиялық кеңесшілер, жеке қаржы кеңесшілері және кейбір медицина мамандары. Қазір бұл қызметтер көп адамға қымбат немесе қолжетімсіз. Бұл салаларда өнімділіктің артуы қызметкерлер санының міндетті түрде азаюын білдірмейді. Репетитор қызметі арзандаса, оны пайдаланатын отбасылар көбеюі мүмкін. Қаржылық кеңестің арзандауы қазір кеңесші жалдауға қаражаты жетпейтін отбасыларға жеке жағдайына сай кеңес алуға жол ашуы мүмкін. ЖИ көмегін пайдаланатын дәрігерлер пациенттерді емнен кейін бақылауға және тұрақты күтімге көбірек көңіл бөле алады. Сұраныс жеткілікті өссе, әр қызметкердің өнімділігі артқанның өзінде, жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны көбеюі мүмкін.

Жақын арада аз өзгеретін жұмыс орындары: Бұған негізгі міндеттері дене еңбегіне сүйенетін әрі белгілі бір жерде орындалуы тиіс көптеген кәсіптер жатады: электриктер, сантехниктер, шатыр жабушылар, құрылыс жұмысшылары және қоғамдық тамақтану саласының көптеген қызметкерлері. ЖИ кесте құруға, смета жасауға, оқытуға, қорларды есепке алуға немесе клиенттермен байланысуға көмектесе алады. Бірақ әзірге сым тартып, құбыр жөндеп, шатыр ауыстырып немесе тамақ дайындап, ұсына алмайды.

Бұл кәсіптер де ЖИ ықпалынан тыс қалмайды. Олардың әкімшілік және басқару міндеттері өзгеруі мүмкін, ал робототехниканың дамуы уақыт өте автоматтандыру аясын кеңейтуі ықтимал. Дегенмен әзірге тілге негізделген ЖИ олардың негізгі жұмысына салыстырмалы түрде аз ықпал ете алады. Сондықтан таяу мерзімде ірі өзгерістердің болу ықтималдығы төмен.

Алғашқы деректер жұмыс орындарының қысқаруы қарапайым заңдылыққа бағынбайтынын көрсетеді

ЖИ-дің алғашқы әсері кәсіптердің жаппай жойылуынан бұрын міндеттердің, жұмыс үдерістерінің және дағдыға қойылатын талаптардың өзгеруі арқылы байқалуы ықтимал. Шынында да, автоматтандыру қаупі жоғары деп танылған кәсіптерде ЖИ қазірдің өзінде көбірек қолданылады. Қауіп ең жоғары кәсіптерде ChatGPT қолдану деңгейі жалпы жұмыс күшіндегі көрсеткіштен шамамен үш есе жоғары.

Алайда жұмыссыздықтың соңғы өзгерістері ЖИ-дің техникалық ықпал ету мүмкіндігімен тікелей сәйкес келмейді. 2024 жылдың бірінші тоқсанынан бері ЖИ ықпалы азырақ кейбір кәсіптерде жұмыссыздық осы үлгі бойынша ЖИ қаупі ең жоғары кәсіптерге қарағанда көбірек өсті. Дегенмен бұл ЖИ еңбек нарығына әсер етпейді дегенді дәлелдемейді. Кәсіптердегі жұмыссыздыққа көптеген фактор әсер етеді. Кейбір өзгерістер жұмыстан босатудан бұрын адам жалдаудан, бастапқы деңгейдегі жұмыс мүмкіндіктерінен, жалақыдан немесе жұмыс құрамынан байқалуы мүмкін.

Саясатты айқындауға арналған дәлірек бағдар

ЖИ еңбек саласының болашағын бір ғана бұлтартпас жолға түсірмейді. Техникалық мүмкіндіктер маңызды, бірақ институттар, тұтынушы сұранысы, бизнес шешімдері, реттеу және адам қатысуының тұрақты құндылығы да маңызды. Осы еңбекте ұсынылған өзгерістерді талдау үлгісі әр кәсіпке әртүрлі саясат шаралары қажет болатынын көрсетеді. 

  • Автоматтандыру қаупі жоғары жұмыс орындары үшін ерте ескерту жүйелері, бейімделуге арналған нысаналы көмек және жергілікті жағдайға сай өтпелі кезең жоспарлары қажет болуы мүмкін. 

  • Қайта ұйымдастырылуы ықтимал жұмыс орындары үшін оқытуды, кәсіби стандарттар мен штат жасақтау ережелерін жаңарту және адам қадағалауына қойылатын талаптарды нақтылау қажет болуы мүмкін. 

  • Көбею әлеуеті бар жұмыс орындары үшін ЖИ енгізуді ынталандыратын, қызметтерге қолжетімділікті кеңейтетін және салаға келетін мамандарды көбірек даярлайтын саясат пайдалы болуы мүмкін.

Барлық санат бойынша саясат әзірлеушілерге нақты уақыттағы сапалырақ ақпарат қажет. Дәстүрлі еңбек статистикасы құнды, бірақ ол міндеттердің, жұмыс беруші талаптарының және технологияны қолданудың өзгерісін дер кезінде көрсете алмайтын жағдайлар жиі болады. Жұмыспен қамту деректерін ЖИ мүмкіндіктері мен оны іс жүзінде енгізу көрсеткіштерімен біріктіру қысымның қай жерде күшейіп жатқанын уақтылы анықтауға көмектеседі.

Дәйексөз

Дәйексөз

1
@techreport{openaiecon2026jobstransition,
2
author = {Alex Martin Richmond},
3
title = {The {AI} Jobs Transition Framework: Mapping {AI}'s Near-Term Impact on Jobs},
4
date = {2026-04},
5
year = {2026},
6
institution = {OpenAI Economic Research},
7
type = {Report},
8
url = {https://cdn.openai.com/pdf/the-ai-jobs-transition-framework_report.pdf},
9
}